7-сынып оқушылары арасында қазақ тілі пәнінен «Тіл қазынасы» атты «Тапқырлар таймауыты» танымдық ойын-үзілісі ұйымдастырылды

ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ АПТАЛЫҒЫ.
ПРЕСС-РЕЛИЗ «Тіл қазынасы»: қазақ тілін ойын арқылы меңгеру
7-сынып оқушылары арасында қазақ тілі пәнінен «Тіл қазынасы» атты «Тапқырлар таймауыты» танымдық ойын-үзілісі ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың қазақ тіліндегі сөздік қорын молайту, сөйлеу дағдыларын жетілдіру, грамматикалық білімдерін ойын арқылы бекіту және мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру.
Танымдық сайыс топтық форматта өтіп, оқушылар өздерінің білімін, тапқырлығын және шапшаңдығын сынға салды. Ойын барысында қатысушылар бірнеше қызықты кезең бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, «Тез ойла!», «Сөз қазынасы», «Сөзді сипатта», «Мақалды жалғастыр», «Фразеологизмдер сыры», «Қазақша сөйле!», «Құпия сөз» кезеңдерінде түрлі тапсырмаларды орындады.
Әсіресе орыс мектебінің оқушылары үшін қазақ тілінде сөйлем құрау, сөздерді дұрыс қолдану, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің мағынасын түсіну тапсырмалары қызықты болды. Оқушылар берілген сөздерден жаңа сөздер құрап, жасырын сөздерді тауып, қазақша сөйлеу дағдыларын көрсетті.
Ойынның финалдық кезеңінде оқушыларға «Адал азамат қандай болуы керек?» деген сұрақ қойылып, олар қысқа уақыт ішінде адал, білімді, еңбекқор, мейірімді, жауапты, отаншыл, мәдениетті сияқты адамгершілік қасиеттерді атады.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталып, жеңімпаз топтар анықталды. Қатысушылар белсенділігі мен тапқырлығы үшін қошеметке ие болды.
Іс-шара барысында оқушылар қазақ тілінің тек оқу пәні ғана емес, қарым-қатынас құралы, ұлттық құндылық және халықтың асыл қазынасы екенін түсінді.
«Тіл қазынасы» танымдық ойыны оқушылардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, қазақша сөйлеуге деген ынтасын қалыптастыруға ықпал етті.
«Тіл – халықтың қазынасы,
Тілді білу – әр азаматтың парызы!»